Қазақстан астанасында басталған «Хроникадан - болашаққа»
атты Президент Телерадиокешенінің кинолекторийі ел өңірлерінде жалғасын тапты.
Қызылордада көрермендерге «Aral» деректі фильмі көрсетілді. Авторлар бас
қаһарман Күнтуған Тұрғанбаевтың тағдыры арқылы Аралдың тарихын және өңірдегі
соңғы онжылдықтағы өзгерістерді көрсетеді.
Нұрлыбай Ұлықпанұлы, көрермен:
- Өте тамаша түсірілген. Қарапайым балықшы. Барлық өмірді
тағдырды бәрін кішкентай ғана жарты сағаттың ішінде бізге түсіндірді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қолға алып жатыр. Әлі де үмітіміз бар.
Көрерменге ұсынылған келесі картина - «Серт». Ол 2024
жылғы су тасқынына қарсы күреске арналған. Фильм қысқа мерзімде көктемгі тасқын
салдарын еңсеру: жаңа үйлер құрылысы мен инфрақұрылымды қалпына келтіру барысын
көрсетеді. Көрермендер су тасқынының барлық салдары мемлекет басшысының жеке
бақылауымен сәтті еңсерілгенін атап өтті.
Кинолекторий Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларында да
жалғасты. Бұл қалаларда көрермендерге «Travel Kazakhstan» және «Қуатты
серіктес» деректі фильмдері ерекше әсер қалдырды. Біріншісі - елдің туристік
әлеуеті туралы, екіншісі - Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығының дамуы жайлы.
Осылайша, көрермендер нақты оқиғалар мен адамдардың тағдыры баяндалған деректі
хроника арқылы ел тарихымен танысты.
Дінмұхаммед Құдайберген, көрермен:
- Осындай Қазақстанның деректі фильмдері осындай деңгейге көтерілгенін көру мен үшін үлкен мақтаныш деп айта алам. Өйткені, бұл жерде, деректі фильмдерде байқағаным кәдімгідей әр детальға мән береді екен. Сол әр детальді көрсеткені, кейіпкерді аша алғаны, жалпы барлығы дерлік маған ұнады. Өте керемет.
Естеріңізге сала кетейік, «Хроникадан болашаққа»
республикалық кинолекторийі деректі фильм жанрын насихаттауға бағытталған.
Ауқымды жоба Президент телерадиокешенінің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылып
отыр. Көрсетілімдер еліміздің өзге өңірлерінде де ұйымдастырылып, 25 қыркүйекте
Алматыда аяқталады.

