Қазақстан Ауғанстанға құтқарушылар мен гуманитарлық көмек жібереді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев арнайы тапсырма берді. Осылайша, Ауғанстан батысындағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге, азық-түлік, дәрі-дәрмек, шатырлар, киім мен өзге де аса қажет заттар жеткізіледі. Көмек жақын арада әуе және теміржолмен жөнелтілмек. Ал, үйінділер астында қалған жандарды ажалдан арашалап алу үшін құтқарушылар мен кинологтар да аттанады. Естеріңізге сала кетсек, 7-і қазанда Герат провинциясында бірнеше жерасты дүмпулері болды. Оның ішінде магнитудасы 6,3 балл болатын зілзала да орын алды. Қазіргі мәлімет бойынша 2 жарым мыңнан астам адам опат болып, мыңға жуық ғимарт пен нысандар жермен жексен болды.