Қазақстанда 2025 жылы «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» порталын іске қосу жоспарланған. Бірыңғай интерфейс мемлекет пен кәсіпкерлер арасында өзара іс-қимыл үдерістерін оңтайландыруға бағытталған. Үкіметте цифрлық жобалар қаралды. Сонымен қатар пилоттық режимде «Tapsyru» сервисі іске қосылды. Ол талап етілмеген мүліктің бірыңғай тізілімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Онлайн бюджеттік мониторинг» жобасы жүзеге асырылуда. Қазір жүйеде 150 млн астам төлем өңделуде. Ал Дәрілік заттарды таңбалау нәтижесінде 5,5 мыңнан астам субъектінің есепке алу жүйелері толық интеграцияланды. Осылайша оларға өндірушіден тұтынушыға дейін жетуіне автоматтандырылған мониторинг жүргізіледі. «Әлеуметтік әмиян» жобасына емханалар жанында жұмыс істейтін дәріханалар100% қосылып, бар рецептің жартысынан көбі берілді. Сондай-ақ отырыста мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру мәселесі де талқыланды.
Асқар Ибраимов, «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Ақша кезегінің инновациялық моделі енгізілді. Бұл ретте ата-аналар тиісті санатқа қарай бөлінеді. Кезек сол қалпында қалады. Яғни артқа жылжымайды. Енді балабақшаны таңдау үрдісін олар өз бетінше жүзеге асырады. Осылайша, барлық балабақшалар таңдауға түседі. Ол үшін балабақшалар барлық заңнамалар мен талаптарға сай келуі тиіс. Сондықтан олар ата-аналардың назарын өздеріне аударып, балаларды көбірек тарту үшін көрсететін қызметтің сапасын жақсартуға тырысып бағады. Яғни, өзара бәсекелестікті арттырудың таптырмас жолын таптық. Сондай-ақ қазір тәуекелдер жүйесі енгізілді, біз баланың деректерін ғана көріп отырған жоқпыз, кросс-чекингтің арқасында бұл деректерді басқа ақпараттық жүйелермен салыстыра аламыз.
Жеңіс Ермұқанов

