Қазақстан 2024 жылдың қорытындысы бойынша 70 млн тоннаға жуық мұнай экспорттауға ниетті. Бұл ретте жоспарланған өндіріс көлемі шамамен 88,5 млн тоннаны құрамақ. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Энергетика министрлігінің басшысы мәлімдеді. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша еліміз негізінен «қара алтынды» Каспий құбыр консорциумы арқылы жеткізеді. Бұл бағытпен шамамен 55 жарым млн тонна отандық өнім тасымалданса, Атырау-Самара құбырлары арқылы - 8,6 млн. тонна, ал қалған бөлігі Қытайға және Ақтау порты арқылы кетеді. Бұған қоса, қазір Транскаспий халықаралық дәлізі бойынша қазақстандық мұнайды қосымша тасымалдау бағыттарын дамыту жұмыстары қолға алынған.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
– 2024 жылға Баку – Тбилиси – Джейхан маршруты арқылы 1,5 млн тонна Қазақстан мұнайын жеткізу жоспарлануда. Осы маршрут бойынша жеткізу көлемін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайту перспективалары зерттелуде. Баку – Супса мұнай құбырының мүмкіндіктері қарастырылуда. Өткізу қабілеті жылына 5 млн тоннаны құрайды, жеткізудің мүмкін көлемі жылына 3 млн тоннаға дейін жетеді.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы қарастырылуда. Қуаттылығы жылына 10 млн тоннаға жететін нысан Батыс Қазақстан облысында салынбақ. Ол Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына жанар-жағармай материалдарын экспорттауға мүмкіндік береді.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика
министрі:
– 2030 жылға дейін
қажеттілік толығымен жабылады. Бұл зауыт құрылысының басталуы алдын ала техникалық-экономикалық зерттеулердің
негізінде айқындалады. Бұл жұмыс сол кездегі шикізаттың қандай көлемде
болатынын көрсетуі тиіс. Осы зауытты салу бойынша белгіленген мерзімі бар.
Шамамен жобалау аяқталған сәттен бастап
36 ай. Яғни, біз 2030 жылдан 2040 жылға
дейінгі аралықты айтып отырмыз. Бұл зауыт құрылысына қатысты мерзім.

