Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге жұмыс
сапары барысында Әзербайжан президентімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы
дәстүрлі қонақжайлығы мен СПЕКА алғашқы саммитін ұйымдастырғаны үшін Ильхам
Әлиевке алғыс айтты. Сондай-ақ, ол Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ
Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол
жеткізгенімен құттықтады. Кездесу барысында тараптар бірлескен перспективті
жобалар төңірегінде әңгіме өрбітті. Оның ішінде - Каспий теңізінің табанымен
талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан
мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін
дамыту мәселелерін талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі
нығайту да назардан тыс қалмады. Жуық арада Қазақстан мен Әзербайжанның мәдениет
күндері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты келесі
жылы Әзербайжанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Президенті:
-Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің
арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз,
тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Стратегиялық
қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі
бірлескен декларацияның қабылдануы, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің
құрылуы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға
болды. Мен өзіммен бірге Бакуге толыққанды делегация алып келдім. Өйткені
бүгінгі кездесуде, Әзербайжан тарапымен шын мәнінде, толық форматты, мазмұнды
келіссөздер жүргіземіз деп санаймын.
Ильхам Алиев, Әзербайжан
президенті:
-Біз – достас, бауырлас әрі
серіктес елдерміз. Соңғы жылдары ресми сапарлар аясында, екі ел үкіметтері
мүшелері мен компаниялары шеңберінде
өзара байланыстардың қарқынды түрде дамып келе жатқаны анық байқалады. Біз екі
мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықтың ең жоғары деңгейіне жетіп отырмыз. Бұл
– тәуелсіз ел ретінде даму тарихымыздағы айтулы оқиға және халықтарымыз
арасындағы байланыстардың рухы мен сипатына сай келеді.