Шетелдегі референдум өткізу жөніндегі 74 учаскелік комиссияның барлығы өз жұмысын аяқтады. Олар Қазақстанның 59 мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктерінің аумағында ұйымдастырылды. Сыртқы істер министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес 12 307 отандасымыздың 10 мыңға жуығы өз таңдауын жасады. Бұл сайлаушылардың 81%-дан жоғары қатысуын қамтамасыз етті.
Ұлыбританиядағы қазақстандықтар да өздерінің азаматтық борышын орындады. Олардың көпшілігі – білім қуған студенттер. Белсенділік танытқан жастардың айтуынша, бұл тарихи референдум, онда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу мәселесі шешілуде. Сонымен қатар сайлау учаскелеріндегі өз таңдауын жасаушылардың басым бөлігі отбасымен келген.
– Елдің ертеңін ойлап, өз таңдауымызды жасау үшін сайлауға қатысуды отбасымызбен жөн деп санаймыз, сол үшін өз таңдауымызды жасадық. Қазақстанның болашағы біз үшін әрдайым маңызды және оның жоғарғы биіктерден көрінуіне тілекшіміз.
– Мұндай референдум болатынын ойлаған жоқ едік. Шетелде жүріп, даусымызды бергенімізге өте толқып, қуанып тұрмыз. Әрине, дауыс берген кезде халқымыздың болашағын ойлап, елді дамытуға өзіміз де үлес қосқымыз келеді. Мен өз таңдауымды жасадым. Біздің әріптестеріміздің бәрі осы таңдауды жасады деген үміттемін.
Сонымен қатар, Бельгияның астанасы Брюссельдегі «Қазақпарат» агенттігі тілшісінің хабарлауынша, сайлау учаскесінде дауыс беру жоғары деңгейде өтті. Барлығы 200-ден астам адам тіркелген. Олар еуропалық және халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін біздің отандастарымыз, дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері және студенттер.
Алима Елдес, Люксембург университетінің студенті:
– Мен Люксембург университетінде магистратурада оқимын. Кеше Брюссельдегі сайлау учаскесіне референдумда дауыс беру үшін Люксембургтен Бельгияға арнайы келдім. Мен үшін бұл жаһандық мәселе. Бұл мәселеде өз пікірімді білдіру маңызды болды.