Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында
салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Сарайға келген сәтінде Мемлекет басшысының
кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип
Ердоған қарсы алды. Келіссөз аясында президенттер Қазақстан мен Түркия
арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты
талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономикалық,
инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән
берілді.
Кейін Президенттердің қатысуымен Қазақстан - Түркия Жоғары деңгейдегі
стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысы өтті. Кеңесте өзара
сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр өзара сауда айналымы 5
миллиард доллар болған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына
кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға
жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлерін де арттыра түсу маңызды. Мемлекет
басшысы тауар айналымын ұлғайту жолында көлік-логистика саласының маңызы
айрықша екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен
Режеп Тайип Ердоған жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде, екі ел арасындағы
Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі бесінші отырысының шешімін
және Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасында Бірлескен декларация
қабылданды, сондай -ақ 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол
қойылды.
Дәстүр бойынша Қазақстан
мен Түркия президенттері баспасөз мәлімдемесін жасады. Президент қазір екі
елдің қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке ұласқанына назар
аударып, бүгінгі нәтижелі келіссөздер қос халық арасындағы байланысты жаңа
деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір
елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Олармен бірлесіп, құны 6
миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырылған. Бұл жобалар энергетика,
құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, медицина, туризм секілді
маңызды салаларды қамтиды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясының
көлемі 2,5 миллиард доллардан асты.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір Еуропа мен Қытай
арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан
арқылы өтеді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, яғни, «Орта
дәлізді» дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін
бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, автокөлік жолдарын салу, сондай-ақ
Каспий теңізінде кеме қатынасын жандандыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру
жұмысын қолға алды. Түрік инвесторларын осы жобаларға белсене қатысуға
шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір.
Келіссөз барысында тараптар
энергетика саласының маңызына да айрықша тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
- Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан
құбыры арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалданады. Біз
оның көлемін арттыру мәселесін талқыладық. «Turkiye Petroleum» компаниясының
Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар. Біз мұны құптаймыз. Энергия
көздерін әртараптандыру, жаңа электр станцияларын салу және басқа жобаларды
жүзеге асыру үшін түрік компанияларының тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық
мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделіміз. Ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға
дайынбыз.
Тараптар ауыл шаруашылығы, қорғаныс
өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық
байланыстарды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы да айтты. Сонымен қатар,
мемлекет басшылары әлемдік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қазақстан
мен Түркия Президенттері барлық қақтығыстар мен қайшылықтарды бейбіт жолмен,
дипломатиялық келіссөздер негізінде ғана шешуге болады деген ортақ пікірде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей-Украина қақтығысын реттеуде Режеп Тайип Ердоғанның
ерекше рөлін атап өтті.

