Президенттің швейцариялық банктегі қаржылық шоты туралы ақпаратқа оның баспасөз хатшысы жауап берді.
«Кейбір БАҚ жазып жатқандай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың швейцариялық банкте қаржылық шоты жоқ. Сондай-ақ Президенттің шетелдік банктер мен офшорлық компанияларға да ешқандай қатысы болмаған және шетелде жылжымайтын мүлкі де жоқ.
Қасым-Жомарт Кемелұлының бұрынғы жұбайының да мақалада жазылғандай ешқашан қаржылық шоты болмаған.
Тимур Тоқаевқа келетін болсақ, жасы 38-де. Ол – кәсіпкер, ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген.
Өздеріңіз білесіздер, Президент экономика мен саясаттағы монополияны шектеуге, реформаларды жүзеге асыруға күш салып келеді. Бұл Мемлекет басшысының осындай шешімдерін жақтамайтын адамдардың әдейі таратып жатқан фейк ақпараттық шабуылы деп ойлаймын», – деп жазды Берік Уәли фейсбук парақшасында.