Ресейдегі қазақстандық жүктер Латвияның Рига және Вентспилс порттары арқылы тасымалдануы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Еуропалық Одақ пен Ресей арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық тасымалдар тұралап, бірқатар мәселе туындады. Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, осыған қатысты Латвияның бейінді ведомствосымен және теңіз порттарының әкімшілігімен келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, отандық экспорттаушылар балама жол ретінде өзіміздің Ақтау және Құрық порттары арқылы жүк жеткізе алады. Бүгінгі таңда Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Ақтау мен Баку арасында тұрақты контейнерлік және Құрық-Баку паромдық қатынасы жолға қойылған. Сондай-ақ транзиттік мәселені Әзербайжан, Грузия және Түркияның құзырлы органдарымен пысықтау үшін кездесу ұйымдастыру жоспарланған. Қазақстан мен Ресей теміржолшылары да логистикалық келіссөздер жүргізіп жатыр.
Еліміздің салалық министрлігінде көлік және логистика саласында туындаған мәселелер бойынша жедел штаб құрылды. Халықаралық жүк тасымалдарына қатысушыларға ақпараттық қолдау көрсету үшін арнайы жедел желі ашылды.