Nickelodeon HD арнасындағы балаларға арналған телебағдарламалар енді қазақ тілінде қолжетімді. «Paramount» компаниясының ТМД және Балтық елдеріндегі балалар және ойын-сауық брендтерін дамыту жөніндегі вице-президенті Мария Косарева атап өткендей, мектеп жасына дейінгі балалар үшін әсіресе өлеңдер мен кейіпкерлердің ана тілінде орындалғаны маңызды. Сондықтан жаһандық медиа-топ басшылығы бұған үлкен мән беріп отыр. Қазірдің өзінде жалпы ұзақтығы 70 минутты құрайтын әндер аударылған. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, бастауыш және орта мектеп аудиториясына және жасөспірімдерге арналған контент ұсынылған.
Мария Косарева, Paramount Global компаниясының ТМД және Балтық Елдеріндегі балалар және ойын-сауық брендтерін дамыту жөніндегі Вице-президенті:
– Біз тек жергілікті дубляж студияларымен жұмыс істейміз. Сонымен қатар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы серіктестермен де бірлесе жұмыс атқарамыз. Әріптестерді таңдаған кезде біз бүкіл әлем бойынша дыбыс сапасына қойылатын талаптарға үлкен мән бердік. Ал, қазір дауыстар мен аудармалар қайталанбайтын етіп студиялар арасында контент таратып жатырмыз. Өйткені әрбір телебағдарлама ерекше. Картинадағы бастапқы мазмұнды сақтап қалу өте маңызды. Дегенмен, оны баланың ана тілінде жеңіл, әрі түсінікті ете білу керек. Ал, нәтижесінде пайда болған сапаны көрермендер де, серіктестер де жоғары бағалағанына өте қуаныштымыз.