Президент сенаторларға қандай міндеттемелер жүктеді және алда қандай саяси реформалар күтіп тұр – толығырақ тілші материалында.
«Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді.» Ел Президенті сенат отырысында осындай пікрі білдірді. Айтуынша, елге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Президент Саяси күштер халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс екенін баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жақында ғана Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны өз жұмысын бастады. Бұл негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болмақ. Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан мұның мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Сенат құрамын жаңарту үдерісі аяқталғанын айтты. Президент жақында Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланғанын, бірнеше сенаторды өзі тағайындағанын, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілгенін еске салды. Маңызды саяси науқанның нәтижесінде депутаттардың жартысына жуығы жаңарып, әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар екенін тілге тиек етті. Ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға сенаторлар белсене ат салысатынына сенім білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осылайша, Сенатта түрлі санаттағы қоғам өкілдері барынша қамтылды. Жалпы, бұл Палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда, баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін.
Мемлекет басшысы Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды. Президент ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарғанын айтып, Парламенттің жоғарғы палатасына жетекшілік етуге лайықты деп санайтынын жеткізді. Жасырын дауыс беру арқылы барлық сенаторлар Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Содай-ақ, бүгін сенаторлыққа жаңадан сайланған депутаттар ант қабылдады.