Қасым-Жомарт
Тоқаевтың атына Қарағанды облысындағы көмір шахтасында болған апат салдарынан
көптеген адамның қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан және
халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары мен телефон
қоңыраулар келіп түсуде. Апат салдарынан 45 адам мерт болды. Бір кенші іздестіріліп
жатыр. 29 қазан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Түркия,
Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Франция, БАӘ, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан,
Беларусь, Тәжікстан президенттері, Дубай билеушісі, Армения премьер-министрі, Дүниежүзілік
денсаулық сақтау, БҰҰ-ның халықаралық көші-қон ұйымдарының бас директоры, ТҮРКСОЙ,
ШЫҰ, Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшылары қаза тапқан кеншілердің туыстары
мен жақындарына көңіл айтып, сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып
кетуіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік,
өрт 28 қазанға қараған түні шахтада метан газының жарылуы салдарынан болған. Төтенше
жағдай орын алған кезде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 206 шахтер
шығарылды. Бас прокуратура жарылысқа байланысты «Тау-кен немесе құрылыс
жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа
дейінгі тергеуді бастады.
Мемлекет басшысы
дереу қайғылы оқиға орнына жетіп, қаза болғандар мен зардап шеккендердің
туыстарымен кездесті. Оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізіп, көңіл
айтты. Президент «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық
ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ апатты жою
жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізіп, барлық қажетті құралдарды тарта
отырып, іздестіру-құтқару жұмыстарын күшейтілген режимде жалғастыруды тапсырды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, ҚР Президенті:
- Үкімет пен
әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне
мүдделі құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін
барлық шараларды қабылдауды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен
адамдардың отбасыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтардың
қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді
жауапқа тартуды тапсырамын.