Қазақстанда орын алған соңғы оқиғаларды баяндаған шетелдік БАҚ-ты Франция азаматы сынға алды. Біздің елде соңғы 4 жыл бойы тұрып жатқан ұшқыш Франсуа Камаррок Францияның медиасы халықты нақты оқиғадан мүлдем басқаша ақпараттандырғанын айтады. Оның сөздеріне сенуге әбден болады, себебі ол – Алматыдағы қаңтар оқиғасының куәгері. Сондай-ақ Франсуа Камаррок қазақстандық әскерилер манифестанттарға оқ атпағанын нақтылады. Бейбіт наразылық ретінде басталған шеру нағыз террористік шабуылға ұласып соның кесірінен кінәсіз халық та, қауіпсіздік күштері де қаза тапты. «Сол аралықта шетелдік журналистер еш нақтылаусыз, жалған ақпарат таратты», – дейді Камаррок. Ол «YouTube» желісінде жариялаған өзінің жеке хабарламасында Қазақстан халқына алғысын білдіріп, республикадағы төтенше жағдай кезінде халық бір жұдырыққа жұмылып, бір-біріне қол ұшын созғанын атап өтті. Сонымен қатар қазақ халқы жомарт қасиеті және мәдениеттілігімен ерекшеленетінін де айтты.
Франсуа Камаррок, ұшқыш:
- Еуропаның жалған ақпаратынан шаршадым. Олар дұрыс емес деректерді таратуда. Мысалы, кейбір ақпарат көздері «Қазақстанда полицейлер митингке қатысушыны өлтірді», – дейді. Бұл – өтірік. Журналистер ештеңеден хабарсыз, олар мұнда шынында не болып жатқанын білмейді. Менің білуімше, демонстрациялар бейбіт басталды. Солардың арасында агрессия көрсетіп, адамдарды қорлықпен өлтіре бастаған бірнеше адам болды. Олар ұрланған қару арқылы полицияға бірінші болып оқ атты. Әрине, әскерилер қарсы тұруға, халықты қорғауға бар күшін салды.