Астанада танымал қазақстандық спортшылар туралы кітап таныстырылды. Оқырманға жол тартқан жинақта жаһандық додаларда елдің туын асқақтатып, әнұранын әуелеткен сайыпқырандардың жеңіс жолының тарихы баяндалады. Кітапта барлығы 17 отандық олимпиада чемпионының тағлымды өмірі мен арман-мұраты, қажырлы еңбегі тізіліп, жылы естеліктері жазылған. Жанар Өтешева өскелең ұрпақтың бойына елжандылық сезімін ұялатумен қатар, төрткүл дүниені тәнті еткен дарынды отандастарымыздың жолын қуып, жеңіс тұғырына көтерілуге деген құлшынысын оятатын тың дүниеге 10 жылын сарп еткен. Кітаптың жарық көруіне жазушы - Үнзила Мыңбай сүбелі үлесін қосты. Бұл оның қаламгерлік жолындағы алғашқы тырнақалды еңбегі.
Жанар Өтешева, жоба
жетекшісі, идея авторы:
- Кітаптың авторы -
Үнзила Мыңбай. Мен болсам бұл жобаның жетекшісімін. Біздің жобаға атсалысқан
спортшыларға алғысым шексіз. Жинақ атлеттердің тікелей қатысуымен жазылды.
Әрбірі көпшілік біле бермейтін қызықты оқиғалармен бөлісті. Сондықтан кітап
оқырманға қызықты боларына сенімдімін. Екі оқиғаны жазуға аналары қолғабыс
етті. Өкінішке орай басты кейіпкерлер өмірден ерте озды. Оларда даңқты спортшыларымыз Денис Тен мен
Бекзат Саттархановтың жеңісті жолы, тарихы баяндалады.
Унзила Мыңбай, жазушы:
- Біздің кейіпкерлер
арман қуған әр балаға жеңісті жолдың оңай келмейтінін, ұмтылып, қажырлы
еңбекпен мақсатқа жетуге болатынын алға тартады. Мүмкін бүгін немесе ертең қиын
болар, алайда мойымаған жанға күндердің-күнінде сол сәт міндетті түрде туатынын
жеткізуге тырысты. Мен қазақстандықтар ғана емес, бүкіл дүниежүзіне қызықты
болатын оқиғалар туралы жазғаныма қуаныштымын. Олар бөліскен оқиғаларды мен
қалың оқырмандарға жеткіздім.
Қаламгер кітапты жазуға жарты жыл уақыт кеткенін айтады. Әрбір оқиғаның өзіндік ерекшелігі бар, бірнеше тұлғаның өмірін баяндайды. Алайда бәрінің де айтар ойы бір. Ол бала арманына табысты іспен жетудің жолы.
Юлия Галышева, Фристайлдан
2018 жылғы олимпиада ойындарының жүлдегері:
- Мен балаларға
арналған осы кітаптың екі тілде шығатынына қуаныштымын. Білуімше, спорт
тақырыбында балаларға бағытталған алғашқы жинақ. Онда чемпиондыққа жету жолында
спортшылар қандай қиындықтарға тап болатыны, оларды қалай жеңу керектігі
жазылған. Біз жастарды діттеген бағытынан қайтпай тек алға ұмтылуына жігер бергіміз
келеді.
«Чемпиондыққа жетелеген арман» атты кітаптың тұсаукесеріне елге танымал спортшылар, олардың бапкерлері мен ата-аналары және спорт сүйер қауым қатысты. Ұйымдастырушылар кітаптың ерекше безендірілген мұқабасы мен мазмұны кішкентай оқырмандардың көңілінен шығарына сенімді. Жаңа жинақ қазақ және орыс тілдерінде басылды.