Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні – жауынгерлік дәстүрдің сабақтастығын паш етіп, батыр бабалардың даңқты жолын қазір өскелең ұрпақ жалғастырып келе жатқанының жарқын үлгісі. Бүгін бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақ пен шен тапсыру рәсімінде айтты. Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы жиынға қатысушыларды құттықтап, қазақстандық әскер елдегі тұтастық пен тыныштықтың мықты қалқаны, бейбітшілік пен берекелі өмірді қас қақпай күзетіп тұрғанын ерекше атап өтті. Жойқын тасқын кезінде де сарбаздар алдыңғы шептен табылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы антқа адал болудың үлгісін көрсетті. Алапат тасқынға төтеп беру үшін 9 мыңнан астам әскери қызметші жұмыла еңбек етті. Осы орайда, Солтүстік Қазақстан облысында апатқа қарсы күрескен 300 сарбаздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар күні-түні бөген салып, қаланы қарғын судан құтқаруға атсалысты.
Мемлекет басшысының айтуынша, геоосаяси тұрақсыздық белең алған қазіргі жағдайда мықты әрі дайындығы сақадай сай әскердің маңызы айтарлықтай арта түсті. Отандық әскерилер БҰҰ аясында түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын көрсетіп келеді. Мемлекет жас сарбаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Қазақстан Президенті ел әскері кәсіби тұрғыдан білікті әрі заманға сай болуы үшін Қарулы Күштерді нығайту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
– Қазақстан өзін жер-жаһанға бейбіт ел ретінде танытты. Біз барлық мемлекетпен достық қатынас орнаттық. Кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек деп есептейміз. Бірақ арқаны кеңге салып, қамсыз отыруға болмайды. Қуатты әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс. Мықты әскер – елдіктің тірегі.
Ер есімі – ел есінде! Қазақстанда майдангерлерге әрдайым құрмет көрсетіледі. Мемлекет басшысы ардагерлерге Жеңіс күніне орай жыл сайын қосымша төлемақы берілетінін атап өтті. Биыл оның көлемі 3 млн теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдан бастап «Айбын» орденінің үш дәрежесі даңқты батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың атымен аталатынын еске салды.