Қ.Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етудің маңыздылығын атады

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесу өткізді. Президент мұндай кездесулер айрықша өзекті екенін атап өтті. Өткен жылы әлемде өңірлік және жергілікті деңгейде 180-нен аса қақтығыс орын алып, жанжалдардың саны шамамен 30%-ке артқан. Бұл – соңғы отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал қазірдің өзінде халықаралық терроризмнен де төнетін қауіп күшейіп келеді. Соңғысына лайықты тойтарыс беру, сондай-ақ азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талап етіледі, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды. «Үш зұлым күшке», сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы күрес Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңіндегі ең басты басымдықтардың бірі саналады.

Президенттің пікірінше, ШЫҰ өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін өзара келісілген әрі нақты қадамдардың үлгісін көрсетуі тиіс.Осы мақсатта қатысушылар терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауы керек. Сонымен қатар ұйымның есірткіге қарсы 2029 жылға дейінгі стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын қабылдау маңызды екеніне тоқталды. Ауғанстанға да ерекше көңіл бөлу керек. Президент гуманитарлық дағдарысқа жол бермеуге және ұзақмерзімді тұрақтылықтың сақталуына жағдай жасау маңызды деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақстан ашық саяси-дипломатиялық диалогты, өзінің жаһандық және өңірлік серіктестерімен конструктивті қарым-қатынас жасауды қолдайды. Біз Еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатын ұстанамыз. Ол өзара түсіністік пен сенім шараларына негізделген. Мұндай тәсіл ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік белдеуін қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттің негізі болуға тиіс. Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен мемлекеттердің тату өмір сүруін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуды ұйымға төрағалығының басымдығы ретінде атады. Сондықтан біз ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеп, қабылдауды ұсындық.

Сондай-ақ әлемде азық-түлік, су, көлік және энергетикалық қауіпсіздік салаларында сын-қатерлер шиеленісуде.  Сондықтан Мемлекет басшысының айтуынша, Ұйымның әлеуетін өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің пәрменді құралы ретінде керек. Бұл мақсатқа жету үшін сыртқы қатерлерді жою жөніндегі жұмысты үйлестіру және ұйымға қатысушы елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесулері маңызды рөл атқарады. Ал тараптар келісімге Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін алдағы саммитінде келе алады.