Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық оң қарқынмен дамып келеді. Қос ел арасында жалпы құны 4 миллиард доллар болатын 20 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мерейтойлық саммитінен соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуінде айтылды. Президенттер екі ел қарым-қатынасындағы өзекті мәселелерді, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастық пен алдағы іс-шаралар кестесін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті. Ресей – Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы басты серіктес. Осы себепті, мен, Үкіметімізге осы қарқынды және сауда мен инвестициялар көлемін сақтап қана қоймай, қазіргі геосаяси жағдайдағы барлық қиындықтарға қарамастан оларды арттыру жөнінде міндет жүктеймін. Мен өзіммен бірге осы салаға жауапты Премьер-министрдің бірінші орынбасары бастаған Үкіметтің негізгі шенеуніктерін ала келдім. Олар табысты келіссөздер жүргізді және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін олардың алдына Федерациясының Үкіметімен іскерлік бағытта жұмыс істеу міндеті қойылды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
– Жалпы бізде барлық сала жақсы дамып келеді. Былтыр тауар айналымының өсімі 34 пайыз болды. Ресей компаниялары Қазақстан экономикасына 17 миллиард доллар инвестиция салды. Бәрімізге түсінікті әрі белгілі қазіргі қиыншылықтарға қарамастан, жағдай жақсы дамуда.
Тараптар күн тәртібіндегі екіжақты экономикалық мәселенің бәрін биыл күзде Орынборда өткізуге жоспарланған Аймақаралық форумда талқылауға уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруы бойынша алдағы маусым айында Петербургте өтетін экономикалық форумға қатысатынын нақтылады. Сонымен қатар Қазақстанның үкіметтік делегациясы Екатеринбургте өтетін ірі өнеркәсіптік көрмеге қатысуды жоспарлап отыр.