Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиевтің кездесуі барысында елдеріміз арасында орнаған стратегиялық серіктестікті жан-жақты тереңдету мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы оның тағайындалудан кейінгі Астанаға алғашқы ресми сапары бауырлас халықтар арасындағы достық пен одақтастық қатынастарды нығайтуда айрықша маңызға ие екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі таңда қазақ-қырғыз ынтымақтастығы қарқынды дамып жатқанын ерекше
атап өткім келеді. Құрметті Садыр Нургожоевич Жапаровтың Қазақстанға былтыр
жасаған ресми сапары екіжақты ықпалдастығымызды жаңа деңгейге көтерді.
Қазақстан Президенттің айтуынша, екі ел үкіметтеріне жүктелген басты міндеттердің бірі – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың толықтай жүзеге асырылуын бақылау. Осылайша тауар айналымының көлемін ұлғайту қамында жаңа мүмкіндіктер іздеу, қазақ-қырғыз шекарасындағы Индустриалды сауда-логистикалық кешенді жедел іске қосуға ықпал ету, сондай-ақ көлік-транзит байланысы үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Өз кезегінде Адылбек Касымалиев қос мемлекет басшылары қойған барлық міндет қазақстандық әріптестермен бірге мұқият пысықталып жатқанын тілге тиек етті. Кездесуде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және су-энергетика саласындағы ықпалдастық мәселелеріне айрықша мән берілді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

