Қазақстанда ауыл шаруашылығын жеңілдетілген несиелендірудің рекордтық көлемі тіркелді. Көрсеткіш 3 еседен астам ұлғайып, 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Келесі жылдан бастап АӨК саласын қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің отандық агробизнес өкілдерімен кеңейтілген кездесуі аясында белгілі болды. Жиында саланы қолдау мен астық жинау науқанының барысы талқыланды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі шаралар қаралды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, өнімділікті арттыру және ауыл халқын жыл бойы жұмыспен қамту, саланы тиімді әрі ашық қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойылды. Бұл жұмыс мемлекет пен бизнестің бірлескен тығыз қарым-қатынасы шеңберінде іске асырылуы тиіс. Сонда ғана біз жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз.
Үкімет басшысы келесі жылдан отандық шаруалар қаржы институттарынан тікелей арзандатылған несиелерді рәсімдей алатынын атап өтті. Ал 2025 жылы мемлекет бөлетін қаражатты тиімсіз пайдалануға жол бермеу үшін ауқымды ауыл шаруашылығы санағы жүргізіледі. Ол жер және егіс алқаптары, мал басы, ауыл шаруашылығы техникасы және инфрақұрылым бойынша деректерді өзектендіруге мүмкіндік береді. Жиында орақ науқанының барысы да қозғалды. Бүгінде еліміздегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 23 млн гектардан асады. Қазірдің өзінде дәнді және бұршақты дақылдардың 68% жиналды. Биылғы егісте қант қызылшасы алқаптары кеңейген. Өнімділігі де былтырғыдан екі есе артық болады деп күтілуде.
Александр Хильниченко, кәсіпкер:
– Біз былтыр қант қызылшасын 7 мың гектар жерге ектік. Ал биылғы көктемгі дала жұмыстарында олардың алқабы 14 мың гектарға жетті. Яғни, бір жылда екі есеге арттыра алдық. Осылайша елдегі қант зауыттарын 100% қажетті шикізатпен қамтамасыз ете аламыз. Қазіргі таңда тағы бір қант зауытын салу мәселесі өзекті болып тұр. Өйткені шаруаларды бұл бағытта мемлекеттік қолдау тетіктері жақсарды. Сондықтан бұл өнімді өндірушілер қатары артты. Қазір зауыт салу басты мәселелердің бірі деп санаймын.
Премьер-Министр егін жинау науқанын дер кезінде аяқтап, бастырылған өнімді сақтап, оны өткізу нарықтарын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте ЕО, Солтүстік Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері сынды жаңа экспорттық бағыттарды пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.