Қ.Тоқаев Ислам даму банкі және ИКАО кеңесінің президенттерімен кездесті

Қазақстан Президенті мен Ислам даму банкінің басшысы Қоршаған ортаны қорғау саласы және «жасыл» энергетикаға көшу шаралары бойынша бірлескен жобаларға баса назар аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық экологиялық сын-қатерлер мен еліміздің орнықты дамуға ұмтылысы жағдайында бұл бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша су ресурстарын дамытуға бағытталған 3,5 млн грантты қоса алғанда, АҚШ валютасында 1 млрд 153 млн-ға келісімге қол қойылды. Айта кетейік, бұл – банктің 51 жылдық тарихындағы ең көлемді қаржыландыру жобасы.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі:

Біз шынымен де осы саммитте Ислам даму банкінің ең ірі инвестицияларын тартамыз. Бұл бізге таяу үш жылда еліміз бойынша 3 жарым мыңнан астам жаңа арналар салуға мүмкіндік береді. Жоба еліміздің 9 өңірін қамтиды. Суару арналары мен ирригациялық жүйелерден басқа біз 9 жаңа су қоймасын жаңғыртып, қайта салатын боламыз.

ИКАО басшысы Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы табысын жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Сальваторе Шаккитано елімізбен әуе тасымалының қауіпсіздігі және тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ Қазақстанның Ұйым жанынан тұрақты өкілдігін ашқаны үшін ризашылығын білдірді.

Сальваторе Шаккитано, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының президенті:

- Қазір біз бірлескен жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанның авиация саласын дамыту жөнінде бас жоспарымыз бар. Бір жағынан ИКАО-ның, екінші жағынан Қазақстанның 2050 жылға қарай азаматтық авиацияны декарбонизациялау бойынша ұстанымы бар. Елдің осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатқанын білеміз. 2030 жылға қарай көміртек үлесін 5% дейін азайту туралы қысқамерзімді мақсатымыз да бар. Ол үшін экологиялық таза әуе жанар-жағармайын қолдануымыз керек. Қазақстанның бұл бағытты қолдайтынын жақсы білеміз.

Жеңіс Ермұқанов