Қ.Тоқаев Digital Bridge халықаралық форумы аясында бірқатар кездесулер өткізді

Қ.Тоқаев Digital Bridge халықаралық форумы аясында бірқатар кездесулер өткізді

Қазақстан жасанды интеллект бойынша әлемдегі алғашқы университет құрған Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесін зерттеуге ниетті. Бұл жөнінде Digital Bridge халықаралық форумы алаңында Қазақстан Президенті Әмірліктердің Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу мәселелері жөніндегі министрі Омар Әл-Оламамен және Абу Даби Денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим әл-Мансуримен кездесуде айтты. Әңгімелесу барысында екіжақты серіктестікті дамытуда маңызы зор Smart City бірлескен жобасына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаевты қабылдады. Тараптар венчурлық инвестиция тарту және жасанды интеллект саласындағы Қазақстанның стартаптарын дамыту әлеуетін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз венчурлық инвестиция тарту көлемі бойынша аймақта көшбасшы екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровпен кездесуінде білім беру, жасанды инттелект және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық аясы талқыланды. Компания ресми түрде Astana Hub қатысушысы атанды. Қазақстанда кеңсесін ашып, AIem.АІ орталығында АІ-зертханасын іске қосты. Павел Дуров Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасанды интеллект саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру әлеуеті туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы Binance компаниясының негізін қалаушы Чанпэн Чжаоны қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев оның әлемдік криптовалюта индустриясы мен қаржы технологиясының экожүйесін қалыптастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады. 2022 жылы Қазақстанда Binance Lab базасында криптоиндустрияның өңірлік хабын ашу жөніндегі меморандумға қол қойылған сәттен бері елімізде осы бағытта көптеген әлеуетті жобалар іске асырылып келеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?