Қ.Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясы 78-сессиясы аясында мемлекет басшыларымен кездесу өткізді

Қ.Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясы 78-сессиясы аясында мемлекет басшыларымен кездесу өткізді

Қазақстан Президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясы аясындағы екіжақты келіссөздер бағдарламасы бірнеше кездесулермен ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Словения лидерімен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық салалардағы ықпалдастық перспективаларын талқылады. Логистика және IT индустриясы да назардан тыс қалмады. Әңгімелесу барысында Орталық Азия мен Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлінің артып келе жатқаны атап өтілді. Президент Словенияны еліміздің ЕО маңызды серіктесі екенін айта кетті.


 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мен сізді Қазақстанға сапармен келуге ресми түрде шақырамын. Келесі жылы маусым айының ортасында елімізде Астана халықаралық форумы өтеді. Онда саясат және экономика мәселелері талқыланады.

Мемлекет басшысы Иран Президенті Ибрахим Раисимен қазақ-иран ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективасын талқылады. Тараптар көлік, логистика және сауда-саттық салаларындағы ықпалдастықты арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті. Атап айтқанда, өзара сауда-саттықты күшейту және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау үшін «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін кеңінен пайдалану жағдайы атап өтілді. Президент Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салудың маңызды екеніне назар аударды.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз виза рәсіміне, сондай-ақ адамдар мен бизнестің өзара қарым-қатынасына қатысты өте пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан тарапы Иранмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өткім келеді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия, Эстония және Мажарстан президенттерімен өзара сауда-саттықты арттыру, түрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Еліміздің Мажарстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқанын атап өткім келеді. Елдеріміз арасында өте сенімді, дәстүрлі байланыс қалыптасқан. Біз екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін жоғары бағалаймыз. Осы сәтті пайдаланып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын.