ЕАЭО аумағында бірлескен өндірістік жобалар субсидияланады

ЕАЭО аумағында бірлескен өндірістік жобалар субсидияланады

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жүзеге асатын өнеркәсіп саласындағы бірлескен кооперациялық жобалар қаржылай қолдау алады. Ел мәжілісі бұған құқықтық негіз қалыптастыратын заңды қабылдады.  Хаттамаға сәйкес арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін жалпы соманың 10% қаржыландыру көзі болады. Қаражат одаққа мүше елдердің ұлттық банктері белгілеген базалық ставканың 100% мөлшерінде қаржы ұйымдарына және Еуразиялық Даму Банкіне субсидия түрінде беріледі. Бір жобаға субсидияның максималды көлемі жылына 1 млрд 890 млн теңгені құрамақ. Ол 5 жыл ішінде 9 млрд 450 млн теңгеге жетеді. Яғни, өндіріс ошақтары бірлескен жобаны 5 жылда жүзеге асыруы тиіс. Бұл ретте, кредит базалық мөлшерлемеден 6,5% аспауы шарт. Сондай-ақ коперацияға кемінде одақа мүше 3 мемлекеттің кәсіпорындары қатысуы қажет. Қаржыландырудың жаңа тетігіне сай жобалар бірнеше кезеңде іріктеледі. Ол үшін қарыз алушы алдымен қаржы ұйымына өтінім береді. Бұл ретте тізілімге Қазақстаннан 15 қаржы ұйымы енгізілді.

Қанат Шарлапаев , ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

-Жоба белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық комиссияның сараптама тобында және өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитетінде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы мен Кеңесінің отырысында қаралады. Жобаны қараудың барлық кезеңдеріне мемлекеттік органдар мен бизнес қоғамдастығының өкілдері қатысады. Жобаны мақұлдау және субсидия беру туралы шешім Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесінде қабылданады. Бұл Кеңеске Қазақстаннан Премьер-Министрдің орынбасары мүшелік етеді.  

Ресей 2033 жылға дейін Қазақстан аумағы арқылы 70 млн тонна мұнайын қытайға экспорттамақ.

Сондай-ақ Мәжіліс Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау келісіміне енетін өзгерістерді мақұлдады. Құжатқа сай тараптар келісімді 2024 жылдан 2033 жылға дейін ұзартуға өзара мүдделілік білдірген. Нәтижесінде Ресей 10 жылда Аспан асты еліне 100 млн тонна шикізат экспорттамақ. Елдің Энергетика министрінің есебінше, транзиттен күтілетін түсім – 1 млрд 700  млн доллардан асады.