Қазақстан мен Финляндия екіжақты қарым-қатынасты дамытуға бейіл. Әсіресе бұл сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарға қатысты. Бұл туралы екі ел президенттері Әзербайжанда өткен БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында талқылады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб фин компанияларының қатысуымен фармацевтика, өнеркәсіптік машина жасау және инженерия салаларындағы бірлескен жобалардың табысты іске асырылуы жайлы айтты. Бұдан басқа тараптар бір-біріне сапармен баруға келісті. Бұл Астана мен Хельсинки арасындағы саяси және экономикалық серіктестікті нығайтуға тың серпін береді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Президент аталған мемлекет еліміздің Африка құрлығындағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, тараптар арасындағы серіктестіктің перспективасы мол екендігін жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Гвинея-Бисау географиялық тұрғыдан қашық орналасқанына қарамастан, ауыл шаруашылығы, логистика және ақпараттық-коммуникациялық технология салаларында ықпалдастықты дамытуға мүмкіндігі бар.
Әсел Күшенғалиева