Қазақстан Президенті Вашингтонға жұмыс сапары аясында америкалық бизнес
өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев U.S. International
Development Finance корпорациясының атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады.
Тараптар тау-кен өндірісі, көлік-транзит инфрақұрылымы салаларында бірлескен
жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігін талқылады.
Кейін Мемлекет басшысы Boeing трансұлттық корпорациясының басшылығымен кездесуде Қазақстан
ортақ жобаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джефф Шокки авиация саласына
маман даярлау және еліміздегі жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін дамыту
перспективасын талқылады.
Президент Ashmore Group компаниясының бас директоры Марк Кумбсты
да қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда халықаралық клиника салу
жоспары жөнінде мәлімет берілді. Мемлекет
басшысы Үкіметтің аталған маңызды жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын
екенін айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Mars компаниясының бас
атқарушы директоры Пол Вайраухпен кездесті. Президент
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен компания арасында 180 млн доллардың
инвестициялық келісіміне қол қойылғанын құптады. Алатау қаласында үй
жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салынады.

