Сұрапыл соғыс жер жұтқан боздақтардың рухына тағзым.
Ұлттық мұражайда Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери-патриоттық акция өтті.
Игі шара майдангерлер ұрпағы, тыл еңбеккерлері, Қарулы күштер ардагерлері мен
ел студенттерінің басын қосты. Жиналған қауымға әскери оркестр мен Ұлттық ұлан
ансамблі ерлік пен ұлтжандылықты арқау еткен туындылар қамтылған әуезді де әуенді концерт берді. Ер есімі ел
есінде! Бұл кеште қайырымды ұрпақ хабар-ошарсыз кеткен батыр бабаларын
ұлықтады. Қазиза Наурызбаева үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. 90
жастағы кейуанаға әкесінің сүйегі жерленген жердің бір уыс топырағы салтанатты
түрде табысталды. Соғыстан Жұматай Наурызбаевтың із-түссіз жоғалғаны жайлы
қаралы хабар келді. Әйелі 4 баламен жесір қалды. Енді міне араға 80 жылдан
астам уақыт салып оның сүйегі Ресейдің Нижегород облысы, Красная Горка ауылындағы
Бауырластар зиратында жерленгені анықталды. Еске салайық, соңғы деректерге сай,
соғыс жылдары 270 мыңнан астам қазақстандық жауынгер хабар-ошарсыз кеткен.
Қазиза Наурызбаева, тыл еңбеккері, майдангер Жұматай
Наурызбаевтың қызы:
- Менің әкем 1941 жылы 28 шілдеде Семей облысы, бұрынғы
Жарма ауданының военкаматынан соғысқа кетті. Содан үшбұрышты хаттар келіп
тұратын. Ол хаттарда бір жылға таямай бітті. Ең соңғы хатына анама айтқан «мені
басқа ауруханаға әкетейін деп жатыр» деп , бұл жобалап айтқан сөзі екен.
Сонымен, 1942 жылы шілде айында әкемнен осындай хабар келді, басқа ауруханада
қайтыс болған ғой. Енді мен сол кезде 6 жаста ғана едім.
Мұрат Молдағалиев, «Atamnyn amanaty» ҚБ басқармасының төрағасы:
- Жылда жаңа
мәліметтер түсіп, деректер өзгеріп тұрады. Біздің ұйым отбасылық шежіре жалпы тарихымызды
түгендеу үшін соғыстан оралмаған қазақстандық жауынгерлерге қатысты жан-жақты
мәлімет жинап, олардың жерленген жерлерін іздеумен айналысады. Қанша уақыт
өткенімен қайырымды ұрпағы іздестіру шараларын тоқтатқан емес. Тек соңғы бір
жылдың ішінде 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Әзірге біз 4 жарым мыңға
жуығының сүйегін таптық.

