Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің «Хроникадан –
болашаққа» жобасы ел өңірлерін аралауда. Кезекті көрсетілім Орал қаласында
өтті. Көрермен назарына «Арал» және «Серт» деректі фильмдері ұсынылды. Біріншісі
балықшы Күнтуған Тұрғынбаевтың өмір тарихын баяндап, оның тағдыры арқылы Арал
маңы халқының тұрмысын суреттейді. «Серт» фильмі 2024 жылғы ауқымды көктемгі су
тасқынының салдарымен күрес жайлы. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан
Президенті телерадиокешенінің «Хроникадан – болашаққа» жобасы адамдар мен
олардың өмір жолы арқылы суреттелген тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды
оқиғалар туралы деректі таспалармен өңір тұрғындарына танысуға мүмкіндік береді.
Әлихан Есқазиев, көрермен:
– Маған өте қатты әсер етті. Сол уақытта өзім де сол
халықпен бірге болып, барынша қолдан келгенше көмек қолын созғандардың бірі
болдым. Еліміздің Президенті мен туып өскен Қартаөбе ауданына келген болатын.
Су тасқынынан зардап шеккен халыққа барынша көмектесетінін айтып, жеткізген
болатын. Сол айтқан уәделерін толық орындады. Осы деректі фильм арқылы сол
кездегі сезімді қайта сезінгендей болдым. Сол көз алдыма қайта елестеп келді.

