Халықаралық табиғатты қорғау одағының бірінші аймақтық кеңсесі Өзбекстан
астанасында жұмысын бастады. Оның міндеті - Орталық Азия мемлекеттерімен
ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ету. Сонымен қатар, жаңа кеңсе ұлттық және
аймақтық бастамаларды жаһандық экологиялық стандарттармен байланыстыратын
сараптамалық платформаға айналады. Айта кетейік, Халықаралық табиғатты қорғау
одағы экологиялық басқаруға, трансшекаралық су серіктестігіне және табиғи
орындарды қалпына келтіруге бағытталған жобаларды іске асырады.
Гретель Агилар, Халықаралық табиғатты қорғау одағының бас директоры:
- Біз Өзбекстан халқымен, ғалымдармен, университет түлектерімен, өңір
тұрғындарымен етене жақын жұмыс істегіміз келеді. Табиғатты қорғау абстрактілі
міндет емес, бұл адамзаттың өмір сүруі мәселесі. Өзбекстанға климаттық
өзгерістерге бейімделуге көмектесуге дайынбыз. Бұл тек табиғатқа ғана қатысты
емес, біз жойылып бара жатқан жануарлар түрлерін де қорғаймыз. Біздің ұйым құрып
бара жатқан түрлердің әлемдік тізімін жасайды. Енді біз Өзбекстаннан алынған
деректерді ескере отырып, аймақтағы биоәртүрлілікті одан да тиімді қорғай аламыз.
Қазір Өзбекстан экологияға қатысты проблемаларды
белсенді көтеріп келеді. 2025 жыл елде «Қоршаған ортаны қорғау және жасыл
экономика жылы» деп жарияланды. Айта кетейік, Халықаралық табиғатты қорғау
одағының кеңсесі республиканың бірінші мамандандырылған экологиялық жоғары оқу
орнының базасында ашылды. Бұл - жастармен, ғалымдармен, зерттеушілермен және
сарапшылармен жұмыс істеуге бағытталған стратегиялық шешім.
Дмитрий Горшков, Ташкенттегі
халықаралық табиғатты қорғау одағы кеңсесінің басшысы:
- Университет
қабырғасында кеңсенің ашылуы өте тиімді. Бұл - студенттермен, мамандармен
байланысу үшін өте ыңғайлы орын. Орталық Азия, сонымен қатар Өзбекстанның
бірегей табиғатын сақтау және оның тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы
іс шаралар және қолдан келгеннің бәрін жасау үшін ықпалы зор болады.
Шахло Турдикулова, Өзбекстан ғылым
академиясының вице-президенті:
- Кеңсенің ашылуы осы
ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтеді. Ең
бастысы - Өзбекстанның
сирек кездесетін, жойылып бара
жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерін сипаттауда халықаралық стандарттар
әкеледі. Биыл Өзбекстанның Қызыл кітабының 6-шы басылымы дайындалуда. Біз
Орталық Азия өңірінің басқа елдерімен үйлесімді жұмыс істеп,
жойылып кету қаупі бар түрлерді сақтай
аламыз.

