Астана
кезекті рет халықаралық қауымдастықтардың сұқабаттасу
алаңына айналды. Мұнда әлемнің 20-дан астам елінен келген ғалымдар мен
сарапшылар жиылып, қазіргі таңдағы орта державалардың рөлі мен ықпалын
талқылауда. Astana Think Tank форумының
ашылуында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі
державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан тұста орта державалар жиі
дәнекер болатынын айтты. Осылайша
олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді. Бұл ретте Қазақстан бейбітсүйгіш ұстанымынан айныған емес. Мемлекет
басшысы еліміздің Иранмен ядролық қару мәселесінде мәмілеге келуге, Сирия
бойынша келіссөз жүргізуге, сондай-ақ жақында ғана Армения мен Әзербайжан
арасындағы кездесуге арнайы алаң ұсынғанын еске салды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев,
Қазақстан
Респубикасының Президенті:
- Біз халықаралық жүйенің мейлінше
инклюзивті және орнықты болғанын қалаймыз. Мемлекеттерді үлкен немесе шағын деп
бөлмей, оларға жаһанды жақсарту үшін өз үлесін қосуға мүмкіндік беру керек.
Қазақстан алдағы уақытта да әлемдік аренада белсенді рөл атқаруға дайын. Біз дипломатияның, экономикалық ынтымақтастық пен көпжақты басқарудың тоғысқан жерінде
тұрмыз. Әріптестерімізбен және серіктестерімізбен бірге әрекет ету арқылы
болашақ әлемнің келбетін қалыптастыруға атсалыса аламыз.
Мемлекет
басшысы жиында Ресей-Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесі жөнінде де
пікір білдірді.
Қасым-Жомарт
Тоқаев,
Қазақстан
Респубикасының Президенті:
- Біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын
қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға
қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да
жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа
тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу –
әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларының сауалдарына жауап берді.
Атап айтқанда Қазақстанның
өңірдегі рөлі және орта державалардың
ұстанымдарын тиімді пайдалану туралы пікірін білдірді.
Қасым-Жомарт
Тоқаев,
Қазақстан
Респубикасының Президенті:
- Орталық Азияның әлем
картасындағы орны ерекшеленіп келеді. Менің аймақтағы әріптестерім мұнымен
келіседі деп ойлаймын. Біз осы өте маңызды өңірдің әлеуетін нығайту үшін қолдан
келгеннің бәрін жасаймыз. Біріккен ұлттар ұйымына келетін болсақ, мен оны
нығайту керек деген сенімдемін. Өйткені, оның орнын басатын ұйым
жоқ.
Реформаларды жалғастырып, көздеген
стратегиялық жоспарды жүзеге асыру Қазақстан
үшін негізгі бағыт. Осы орайда президент шетелдік инвесторларды ел нарығына
шақырды.
Мәншүк Шымырбаева