Француз сән үйі өз топтамаларын астаналық Айнұр Полатованың қазақтың қоржыны іспеттес бірегей бұйымымен толықтыру туралы ұсынысына қызығушылық танытып, идеясын одан әрі талқылау үшін Парижге шақырды. Отандасымыздың көздегені төл туындысы арқылы қазақ тарихы мен мәдениетін жер-жаһанға дәріптеу. Қазақи нақышта жасалған жоба ұлтық ойындар және ою өрнекпен өрілген сәндік-қолданбалы қоржын түрінде ұсынылған.
Айнур Полатова, жоба авторы, кәсіпкер:
- Louis Vuitton-ның біздің киіз үйге ұқсас дүкен ашқанын көріп қалдым. Бұл мені қызықтырды және мен оларға киіз үй тәрізді сөмке жасау туралы ұсыныспен хат жаздым. Мен қазір ұлттық ойындарды дамыту жобасын жүзеге асырып жатқанымды айттым. Бір жағынан сөмке, енді бір жағынан зияткерлік ойын. Менің ерекше бастамамды қолдауларын сұрадым. Екі аптадан кейін компания менің ұсынысыма қызығушылық білдіріп, жауап хат жолдады. Шынымды айтсам жобамды бұлайша оңай әрі тез құп көреді деп ойламаған едім.
Дарынды отандасымыз болашағын сән әлемімен байланыстыру жоспарында жоғын айтады. Қазір Айнұр Полатова Еуразия ұлттық университетінде қазақ филологиясының магистратурасында оқиды. Былтыр ұлттық ойындар арқылы қазақтың төл мәдениетін кеңге дәріптеуді ұйғарған. Ойы жүзеге асып, арнайы грант ұтып алды. Бүгінде өндірісі оң жолға қойылып, төл өніміне сұраныс артып келеді. Тіпті, Түркия, АҚШ, Нидерланды сынды шет мемлекеттерден тапсырыстар жиі түсіп тұрады дейді, Айнұр.
Айнур Полатова, жоба авторы, кәсіпкер:
- Өткен шілденің соңы әлде қыркүйектің басында мені осы идея жиі мазалай берді. Жолдастарыммен айти-дәмханада отырғанымда көбі шетелдік үстел ойындарын ойнап отырғанын аңғардым. Біздіңде ұлттық ойындарымыз бар ғой. Оларды да дәл осылай жиналып ойнап қызықты әрі пайдалы уақыт өткізуге болады. Кейін бұл ойымды қорытып одан әрі жетілдіру үшін біраз уақыт жүрдім. Осылайша, қараша айында жобамды іс жүзінде жүзеге асыруға кірістім. Қазір «Бестас», «Тұмар», «Ағаш үй», «Тұмар» бестемшесі, «Тоғыз қумалақ» сынды бес бірдей дәстүрлі ойын түрлерін заманауи үлгіде дамытып жатырмын.
Нәзік жанды қазақстандық енді осы ойын Еуропа аумағында дамытуды көздеп отыр. Биыл ол Германияда, Гете атындағы Франкфурт университетінде ЕҰУ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімін шыңдайды. Сонымен қатар елімізде мектеп бағдарламасына енгізуге күш жұмсамақ.