Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және ауыл шаруашылығының дамуы отандық экономиканың тұрақтылығының факторына айналды. Үкімет отырысында ведомство басшылары барлық саладағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді атап өтті. Ел үкіметі биылғы жылға қандай міндеттер қойып отыр?
Қазақстан экономикасы нақты сектормен бірге бір жылда 3,1% деңгейінде нығайды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 8%-ке, ал, елдің сыртқы сауда айналымы 30%-тен астамға артқан. 11 айда ол 122 миллиард доллардан асты. Ал, импорт шамамен 45 миллиард долларды құраса, өз кезегінде экспорт көлемі 77 миллиард долларға тең келді. Бұл ретте сыртқы нарыққа өңделген тауарларды жеткізу 34%-ке дерлік артып, 24 миллиард долларға жетті.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,4%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 19,1%-ке, электр жабдықтарын жасаудың – 22,2%-ке өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,9%, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9%, химия өнеркәсібі – 10,2%, сусындар өндірісі – 11,2%, пластмасса бұйымдары – 2,1%, жеңіл өнеркәсібі – 6%.
Алдағы жылы экономикалық өсім 4%-тен кем болмауы керек. Салаларды дамытуда ел нарығын отандық тауарлармен толықтыруға басымдық беру керек. Отырыста Министрлер кабинетінің басшысы 2023 жылға арналған міндеттер туралы айтты. Әлихан Смайылов министрліктер мен облыс әкімдіктеріне жыл соңына дейін кемінде 24,5 миллиард доллар инвестиция тартуды тапсырды. Сондай-ақ үкімет инфляцияны 2 есеге 9,5%-ке дейін төмендетіп, ШОБ саласында жұмыспен қамтылғандар санын 3 млн 800 мың адамға жеткізуі керек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Кәсіпкерліктің дамуы тұрақты ұлттық экономиканың маңызды факторы болып табылады. Бизнеске қатысты жаңа реттеушілік саясат түсінікті әрі әділ болуға тиіс. Биыл тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ету керек.+ Бюджет кодексін әзірлеу. Біз биыл қаржылық тәртіпті күшейтіп, бюджет жүйесінің ашықтығын кеңейтуге тиіспіз. Сонымен қатар, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру керек.
Сондай-ақ биыл елімізде жекешелендіру процесі жалғасады. Мемлекеттің экономикадағы үлесі жалпы ішкі өнімнің 14,4%-іне дейін төмендеуі керек. Ол үшін Кешенді жоспардың басым бөлігі алдағы 12 айда жүзеге асырылуы тиіс. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді бақылау министрлер мен әкімдерге жүктелді. Жалпы үйлестіру вице-премьерлердің бақылауына болады.