Франция Арал теңізінің мәселесін Қазақстанмен бірге көтереді

Франция Арал теңізінің мәселесін Қазақстанмен бірге көтереді

Бүгінде Аралдың экологиялық жағдайы бүкіл әлемнің назарында. Бұл маңызды және өзекті мәселе қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 79 -сессиясы шеңберінде Қазақстанның Франциямен бірлесіп өткізуді жоспарлап отырған One Water Summit аясында талқыланады. Осыған орай Франция Президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили бастаған делегация Қызылорда облысына арнайы келіп, аңқасы кепкен Аралдың жай-күйімен танысты. Қонақтар алдымен балықшылар музейіне ат басын бұрып, онда кезінде әлемдегі ең ірі 4-ші көл саналатын теңіздің бүкіл тарихымен танысты. 

Одан кейін делегация Көкарал бөгетіне барып, Кіші Аралдың бүгінгі жағдайын бақылады. Бұдан бөлек меймандар орман тәлімбағына барды. Мұнда бапталған көшеттер теңіздің құрғақ ұлтанына отырғызылады.

Барбара Помпили, Франция Президентінің арнаулы өкілі:

–  Аралдың экологиялық ахуалы өте өзекті. Біз мұны біртұтас су саммитінде әлем назарына ұсынғымыз келеді. Жалпы біздің бастамамызбен климаттық өзгерістерді талқылауға арналған «Бір планета» кеңесі бүгінге дейін 7 рет өткізілді. Осы жиындарға 140 мемлекеттің өкілі қатысып, 45 құжатқа қол қойылған. Бұл жолы арнайы Арал мәселесі көтерілетіндіктен нақты бастамалар бекиді деп сенеміз.

Су саммитінде екі елдің – Қазақстан мен Францияның бірлескен күн тәртібі жарияланады.

Зүлфия Сулейменова, ҚР Президентінің Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:

– Жалпы осы саммиттің ең басты мақсаты, су мәселесіне саяси назар аударту. Түрлі мемлекеттерде әр түрлі мәселелер кездеседі. Дегенмен осы мәселелердің барлығына да біз қандай шешімдерді ілгерілете аламыз деген ойдан осы дайындық жұмыстарын өткізіп жатырмыз. Кіші Аралды сақтаудағы күш-жігерімізбен, сонымен қатар Ромсар конвенциясы шеңберінде қорғалып жатқан батпақты жерлерімізді таныстырып, осы бағытта жұмыс істеудеміз.

Серік Сермағамбетов, Қызылорда облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

 Қазіргі таңда Арал теңізіндегі судың көлемі 21 млрд текше метрден асты. Түсіп жатқан судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда жақсы. Оның барлығын біз ойлаймыз, Аралды құтқару қорына біздің мемлекетіміздің төрағалық жасауында биылдан бастап. Сонымен қатар, Су министрлігінің құрылғанының да үлкен септігі тиіп жатыр.