Еуропалық Одақ Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек бөледі

Еуропалық Одақ Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек бөледі

Кәрі құрлық Одағы тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтарға гуманитарлық көмек бөледі. Бұл жөнінде Еуропалық Одақтың еліміздегі өкілдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қарғын судың ең көп зардабын татқан отбасыларға жалпы көлемі 200 000 еуро бағытталмақ.

 «Алдағы 3 ай ішінде көрсетілетін гуманитарлық көмек су тасқынынан ауыр зардап шеккен 5 мың адамға тікелей бағытталады. Отбасын ұстап отырған әйелдерге, мүгедек немесе қарт адамдары бар отбасыларға, үш баладан көп баласы бар отбасыларға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді», - делінген хабарламада.

Қазақстанның Қызыл Жарты Ай Қоғамына қолдау көрсету аясында Еуропалық Одақтың бұл қаржыландыруы аса қажетті шұғыл көмекті, соның ішінде матрастар мен төсек-орын жабдықтары, көп мақсатты ақшалай қаражат пен гигиеналық материалдар сияқты тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуді көздейді.