«Астана Опера» халықаралық опера академиясының шәкірттері алғашқы гастрольдік сапарларына аттанады. 27 ақпан күні музыканттар қарағандылық талғампаз көрерменнің алдында өнер көрсетпек. Тыңдармандарды опералық репертуардың алтын коллекциясынан танымал әрі сүйікті туындылар күтеді. Академияның көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев мәлім еткендей, гастрольдік сапар Алматы және Шымкент қалаларында өз жалғасын табады. Концертте өнерпаздар фортепианоның сүйемелдеуімен барлық ариядан құралған «Опера нұры» атты бағдарламаны ұсынбақ.
Тимур Урманчеев, «Астана Опера» опера академиясының көркемдік жетекшісі:
- Өнерпаздар қызу дайындық үстінде. Осы гастрольдік сапарды асыға күтті. Бұл алғашқы өнер көрсетулері емес. Олар ай сайын жаңа концерттік бағдарламалар, ариялар, камералық шығармаларды дайындайды. Сонымен қатар бірнеше рет концерттерде өнер көрсетті. Алғашқы сапарымыз Қарағанды қаласында өткелі тұр. Сондықтан бұл – біз үшін өте маңызды шара. Арнайы бағдарлама дайындадық, онда ең танымал ариялар шырқалып, барлық дауыс орындалады. Басқа қалалардан әрине, Алматыға барамыз. Қазіргі уақытта алматылық көрерменнің алдында өнер көрсету үшін келіссөздер жүргізілуде.
Авторы: Ақзер Сегізбай