Орталық Азия аймағының көлік инфрақұрылымының дамуын күшейтіп, транзиттік логистикалық әлеуетін арттыру. Бейжіңде өткен «Қытай+ Орталық Азияның 5 мемлекеті» форумына қатысқан сарапшылар осындай тұжырымға келді. Экономистер, зерттеушілер мен дипломаттар бас қосқан жиынның көздегені бірлесе дамыту тетіктерін талқылау. Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нурышев жиында сөйлеген сөзінде аймақтың қазіргі таңдағы Еуразиялық кеңістіктекте алатын орнына айрықша тоқталды. Оның айтуынша, Орталық Азия әлемдік деңгейдегі жетекші ойыншылардың тарапынан айрықша қызығушылыққа ие.
Сюй Бу, халықаралық мәселелер институтының директоры:
Өзара байланыстардың, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, өңірлік және жаһандық экономиканың дамуына нақты үлес қосу үшін әлі де көп күш салу қажет. Энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі салаларында да жаңа міндеттер бар.
Еркін Тұқымов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының директоры:
Қытайдан автокөлік, өндірістік құрал-жабдықтар, компьютерлерді жеткізу есебінен импорт көлемі артып келеді. Қазақстан көбінесе экспортқа минералды өнімдер, металдар, химия өнеркәсібі өнімдерін шығарады. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға жеткізуге үлкен мән берілуде. Бүгінгі таңда бидай, сиыр, шошқа етін, соя, бал, балық, жоңышқа, ұн, ұн өнімдерін өндіретін 600-ге жуық отандық кәсіпорын Қытай нарығына өнімдерін жеткізуге рұқсат алды.