Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың 9 айында шамамен 14 млрд € құрады. Бұл – республикамыздың ірі сауда серіктесі әрі инвесторы. Айта кетейік, тікелей шетелдік салымдардың жалпы ағынының 50 процентінің жуығы Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі. Бұл туралы Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон мәлім етті.
Оның айтуынша, бүгінде біздің елден Кәрі Құрлық мемлекеттеріне мұнай-газ секторының өнімдерін, пайдалы қазбалар мен азық-түлік тауарларын экспорттайды. Өз кезегінде, Еуропадан Қазақстанға көлік жабдықтары, химиялық өнімдер, пластмассадан жасалған бұйымдар, жиһаз және дәрі-дәрмек жеткізіледі.
СВЕН-ОЛОВ КАРЛССОН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ЕЛШІСІ:
- Қызметтер саудасының айналымы өткен жылы 2,2 млрд еуродан асты. Бұл әрине, одан әрі даму әлеуеті бар дегенді білдіреді. Өңірлік ынтымақтастыққа келетін болсақ, біз Орталық Азия елдері арасындағы аймақтық сауданы қолдау және оған ықпал ету өте маңызды деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта біз Ready4Trade бағдарламасын жүзеге асыру және қаржыландыру кезеңіндеміз.
Аталған бастаманы Еуропалық Одақ халықаралық сауда орталығымен бірлесіп қаржыландыратынын және жүзеге асыратындығын атап өткен жөн. Бастама ішкі өңірлік және халықаралық сауданы ынталандыру жолымен Орталық Азия өңірінің орнықты және жан-жақты экономикалық дамуына бағытталған. Жоба 5 бірдей республикада – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда жұмыс істейді.
Авторы: Ақзер Сегізбай