Алдағы 5 жылда Абай және Қостанай облыстарында ЖЭК саласында инвестициялық жобалар салынады. Бұл – жалпы қуаты 39,6 МВт болатын екі күн электр станциясы және 40 МВт-тық бір газпоршеньді маневрлік қондырғы. Инвестициялардың жалпы көлемі 90 млн-нан астам долларды құрайды. Бұл туралы энергетика министрлігі хабарлады. Жаңа жасыл генерация Қазақстанға жылына 63 млн кВтсағ таза электр энергиясын қамтамасыз етеді. Тиісті ведомствоның мәлімдеуінше, жобаларды іске асыру Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасымен бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, қосымша инвестициялар тартуға, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.