Елордада сауда орталықтарының жұмыс уақыты ұзартылды

Қазақстан астанасы «қоңыр-қызыл» аймақтан «қызыл» аймаққа ауысты. Осыған орай сауда және ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлері мен сауда желілеріне 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың қаулысына сәйкес, «қызыл» аймақта сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен сауда желілері сенбі мен жексенбіні қоса алғанда барлық күндері 22:00-ге дейін жұмыс істей алады. Эпидемиологиялық жағдай жақсарып, коронавирус жұқтырудың күнделікті жаңа дерегі азайған сайын карантин талабы жеңілдеуі мүмкін.

Айта кетейік, 18 шілде мен 2 тамыз аралығында Нұр-Сұлтан және тағы төрт қала «қоңыр-қызыл» аймақта болған. 4 тамыздан бастап елордада инфекциялық стационарлардың жүктемесі 69%  болып,  қала «қызыл» аймаққа оралды.