Қазақстанның қысқы Олимпиада құрамасы Бейжіңде. Алғашқы рейспен конькимен жүгіру, фристайл-могул, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысынан спортшылар барды. Ал қорытынды жиынды өзге елде өткізіп жатқан биатлон, шаңғы жарысы және шаңғы акробатикасының құрама мүшелері Қытайға сол елдерден барады. Қазір аспанасты еліне 20 шақты елден 400-ден аса спортшы келген. Олар Олипиадалық ауылдарға орналасуда.
Айта кету керек, ақ Олимпиаданың алауы 2 ақпан күні жағылады. Бейжіңдегі додада ел намысын 34 атлет қорғайды. Жарысқа аттанардан бір апта бұрын спортшылар карантиндік аймақта жаттығу жасаған. Енді жарыста үздік нәтиже көрсетуге үмітті.
Әділ Ғалиахмет, ұлттық құраманың спортшысы:
- Жаттығуымыз ойдағыдай өтті. Бейжіңде тағы да біраз уақыт жаттығып, өз формамызда боламыз деп ойлаймын.
Абзал Әжіғалиев, ұлттық құраманың спортшысы:
- Көңіл-күй өте жақсы. Әрбір спортшы бұл Олимпиаданы 4 жыл күтті, солардың қатарында мен де бармын. Енді осы Олимпиадада жақсы өнер көрсетуге тырысамыз.