Бішкекте «Мұқағали» және «От» деп аталатын қазақстандық екі кинокартина көрерменге ұсынылды. Премьера қазақ киносы күні аясында өтті. Режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» фильмі көрерменді ақынның шығармашылығымен ғана емес өмір жолы, танымы, ішкі әлемімен таныстырады.
Болат Қалымбетов, фильм режиссёрі:
– Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған болатын. Ақын туралы емес, ақынның тағдыры туралы, ақынның өмір сүрген ортасы туралы, сол ғасыр туралы. Неге Мұқағали Мақатаев 45 жасында ерте өмірден кетті деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.
Қазақ киносының екі күндік фестивалі аясында көрсетілетін тағы бір фильм «От» деп аталады. Киносыншылардың сөзінше, режиссер Айжан Қасымбектің бұл туындысы қырғыз көрерменінің көңілінен шығады. Өйткені комедияда көрсетілетін әлеуметтік мәселелер жергілікті жұртқа етене жақын.
Артық Суюндуков, кинорежиссеp:
– Соңғы жылдары Орталық Азия киносы жайлы ақпарат азайып кетті. Сондықтан біз тәжік киносы, өзбек, түрікмен, қазақ киносы туралы көбірек біліп, ортақ жобаларды ойластыруымыз қажет. Бұл көрермендер үшін қажетті дүние.
КОР: Бауырлас қырғыз республикасы қазақ киносының премьерасы өткен алғашқы мемлекет. Жоспар бойынша жыл соңына дейін алыс-жақын 15 елде кинопремьера ұйымдастырылмақ.