Елорда көрермендері жаңа театрдың ашылуына куә болды. Нұр-Сұлтанда еліміздің Тәуелсіздік күні, сондай-ақ, ұлы ойшыл, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Музыкалық жас көрермен театры» ашылды.
Жаңа театрдың ашылу салтанатында талғампаз көрермен қазақ сахнасында бұрын-соңды қойылмаған «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасын тамашалады. Қойылым жасөспірімдердің жүрек қылын шертіп, ой-армандарын асқақтатып, санасына серпін беріп, жігерін қайрап, ішкі мәдениеті мен рухани жан-дүниесін байытуды мақсат етеді. Абай ғұмырының бозбала кезеңіне арналған туындының режиссері әрі жаңа театрдың директоры Асхат Маемировтың айтуынша, біздің жасөспірімдеріміз көбіне еленбей жатады. Ал болашағымыздың негізі, тірегі – солар.
АСХАТ МАЕМИРОВ, ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ:
– Біздің елордамызда «Қуыршақ» театры, студент жастарына арналған «Жастар» театры бар. Соның ортасында ең бір нағыз көрермен қалады. Болашағы зор көрермен – ол біздің балаларымыз, жасөспірімдеріміз. Бұл театр Қазақстанда аналогы алғаш құрылып жатқан театр, «Музыкалық жас көрермен» театры. Яғни балалар мен жасөсіпірімдерге арналған музыкалық театр. Өзінің оркестрі бар. Өзіміздің ұлттық кейіпкерлеріміз, халық ертегілері – «Тазша бала», «Алдар көсе», «Күнекей қыз», «Қожанасыр» болсын, немесе әлемге танымал «Золушка», «Алтын кілт» ертегілерін көрсеткіміз келеді.
Өнер ордасы техникалық жұмысын биылғы жылдың қазан айының басынан бастаған. Оған дейін театрда арнайы кастинг ұйымдастырылып, бүгінде шығармашыл ұжым құрамына 50-ден астам әртіс кіреді.