Арменияда Қазақстанның мәдени күндері өтті. Алғашқы күні көрермендер заманауи отандық киноның үздік туындыларын
тамашалады. Ауқымды іс шаралар «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмімен
ашылды. Сонымен қатар, аудитория назарына «Стоп, ночь» және «Патриоттар уақыты»
кинолары мен «Қазақфильм» студиясының «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультипликациялық
лентасы ұсынылды.
Мәдени күндер аясында еңбек
сіңірген қайраткерлер, өнер шеберлері мен танымал әртістердің гала-концерті
ұйымдастырылды. Сахна төрінде көпшіліктің жүрегінен орын алған әуезді әндер мен
халық композияциялары шырқалды. Еревандағы Алматы көшесінде Абай Құнанбайұлы
атындағы саябақ ашылды. Мұнда ұлы ақынның кітаптары таныстырылды. Қонақтар
қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Саябақта тал көшеттері де отырғызылды.
Бұл - екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюы мен қарқынды мәдени байланыстың
нышаны. Айта кетейік, фестиваль аясындағы іс шараларға 3 мыңнан астам адам жиналды.

