Қазақстанда шетелдік туристердің ағыны рекордтық
көрсеткішке жетті. Тек осы айдың өзінде ғана елге шартараптан бес жүз мыңнан астам шетелдік қонақ келген. Туризм
және спорт министрлігінің мәліметінше, бұған Астанада өткен V Дүниежүзілік
көшпенділер ойындарының тигізген ықпалы зор. Мамандардың есебінше, этноспорт жарысының
арқасында ел экономикасына қосымша 600 мың доллардан астам кіріс түсті. Ауқымды
шараны қызықтауға таяу және алыс шет мемлекеттердің жиһангездері бірдей ағылды.
Бұл күндері АҚШ, Қытай, Үндістан, Түркия және Германия азаматтарының қарасы
қалың болды. Олар көне ойындармен қатар елдің бүгінгі жарасымды келбетімен
танысуға әуес. Сарапшылар Қазақстанның туристік саласының болашағы зор екеніне
сенімді.
Мадина Жетпісбаева, Туризм
және спорт министрлігі басқармасының бас сарапшысы:
- Қазақстан бойынша
экологиялық туризм мен экомәдениетті насихатайтын 16 ақпараттық сапар-орталығы
құрылды. Бізде тізілімде 9 мыңға жуық турагент, сондай-ақ 500 туроператор бар,
олардың ішінде 400 өзіміздің ішкі туристерге қызмет жасайды. Бұл туристік қызметтерге сұраныстың өскенін
көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстан бірқатар елдермен визасыз режим бойынша келісім
жасасады.
Кейінде жер-жаһанды кезіп жүрген саяхатшылардың таңдауы жиі Қазақстанға түсетіні
байқалады. Бұл қатардың көшін Германиялық туристер бастап тұр. Неміс
жихангездері көбіне дәстүрлі еуропалық бағыттарды қалайтыны белгілі. Халықаралық
салалық басылымның деректеріне сай олардың бұған қатысты көзқарасы қазір
өзгеше. Көбіне Хорватия, Сербия, Грузия және Орталық Азия елдері ішінде -
Қазақстан мен Өзбекстанға қызығушылық танытады. Енді олар Ұлы жібек жолының
бойындағы дала мұраларын, көшпенділер мәдениетін тануға ынтық. Сондай-ақ, тұмса
табиғат көріністеріне шомылғанды қалайды.
Әйгерім Есеналиева, Қалалық
туризмді дамыту орталығының президенті:
- Германия азаматтары
тұрақты негізде Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға ең көп баратын туристердің
қатарына кіреді. Қазақстан олар үшін тартымды ел. Өйткені, біздің мәдениетіміздің
бірегейлігі сақталған, тамыры терең тартқан тарихымыз бай. Сондай-ақ, олар үшін
көпұлтты мемлекетте түрлі мәдениеттердің сабақтастығы қызықты. Бұның бәрі Германия
ғана емес, Еуропаның басқа бөліктерінен де неміс туристерін тартады.