Құрық порты еркін экономикалық аймақтар тізіміне қосылуы мүмкін. Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Парламент Сенатының депутаттары осылай деді. Айта кету керек, теңіз айлағында жүк тасымалдау көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан.
Серікбай Тұрымов, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты;
– Ақтау портын және осы Құрық портын еркін экономикалық аймаққа енгізу жөнінде министрліктермен біраз жұмыстарды жасаған. Яғни, барлық тиісті құжаттарын берді. Мұны Үкімет қарап жатыр.
Серік Ахметов, «Құрық порты» серіктестігінің бас директоры:
– Порттың еркін экономикалық аймаққа енуінің тиімділігін көпшілік жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Бұл, су айлағының әлеуетін арттыру үшін инвесторлар тартуға мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Биыл 7 айда Құрық порты арқылы 1 млн 111 мың тонна әртүрлі жүк тасымалданды. Былтыр осы кезеңдегі көрсеткіш 460 мың тонна болған. Сондай-ақ, жыл басынан бері 11 мыңға жуық жүк көлігі ауыстырып тиелді.
Парламентшілер Құрық ауылының халқымен де кездесу өткізді. Ауыл тұрғындары инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда, Қарақия өңіріне тас жол салу мәселесін көтерді. Сенаторлардың сөзінше, бұл жұмыстарға қазынадан 11 млрд теңге бөлінген. Биыл 5 шақырымды төсеу жоспарланып отыр. «Құрық – Жетібай» бағыты халықаралық көлік дәлізінің байланыстырушы буыны екенін айта кеткен жөн. Транзиттік жүктер дәл осы бағытта Ресей мен Өзбекстанға тасымалданады.