2 трлн 450 млрд теңге. Сәуір айының соңында Қазақстандағы ипотекалық портфель көлемі осындай болды. Яғни бір жылда ол 32% ұлғайған. Бұл туралы ranking.kz порталы хабарлады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша, 2019-2020 жылдары банктердің ипотекалық портфелінің өсу қарқыны 30% астам деңгейде болған. Елімізде ипотекалық кредиттеуді дамытудың драйвері «Нұрлы жер», «7-20-25» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар, сондай-ақ «Баспана хит» нарықтық ипотекалық өнімі болды.
Қазақстанда жеңілдетілген бағдарламалардың ішінде азаматтардың барлық санаты үшін қолжетімділері бар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған несиелеудің арнайы жобалары да қарастырылған. Елдегі жеңілдетілген несиелер бойынша тіркелген сыйақы мөлшерлемелері кредит мерзімі ішінде өзгертілмейді. Сонымен қатар ол Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен төмен.
2021 жылы Қазақстан Тұрғын үйге қолжетімділік рейтингісінде 35-орынға көтерілді, ал бір жыл бұрын 47-орында болған.