Қазақстанда алдағы 4 жылда 5 жаңа мұнай-газ химия зауыты ашылады. 2025 жылға қарай оларды пайдалануға берілетіні туралы брифинг барысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев хабарлады. Министр мәлім еткендей, бұл өндіріс көлемін 40 мыңнан 2 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Импорт үлесі 87-ден 72% дейін төмендейді. Ал отандық өнімді шетелге шығару 9 есеге дейін өсуі мүмкін. Сондай-ақ сала басшысының айтуынша, 2025 жылға дейін өңдеуші өнеркәсіптегі цифрлық технологияларды пайдаланатын кәсіпорындардың үлесін 7-ден 23% дейін арттыру жоспарланған.
Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- 2025 жылы 418 индустриялық жоба іске асырылып, негізгі капиталға 11 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өседі. Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту шеңберінде жоғары технологиялық мұнай-газ химиясының өндірістері енгізілетін болады. Бұл шикізаттық емес экспортты ұлғайту және ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін жасалатын болады.
Авторы: Ақзер Сегізбай