Қазақстан болашақта өңірлік крипто-хабқа айналуы мүмкін. Астана халықаралық қаржы орталығында банктер мен криптобиржалар арасындағы пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Сарапшылардың айтуынша, бұл елдегі цифрлық активтер саудасын реттеуге мүмкіндік береді. Демек, бөлшек және кәсіби инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Жоба жыл соңына дейін жалғасады. Ал егер сәтті іске асырылса, ұлттық заңнамаға және Астана халықаралық қаржы орталығының актілеріне тиісті түзетулер енгізіледі.
Ягуб Заманов, АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі финтех комитеті департаментінің директоры:
– Бұл жоба Fiat ақшаларын реттелетін ортадағы криптовалюталарға айырбастауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте, криптобиржа реттеушісі AFSA қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі АХҚО-ның комитеті болады. Ал банктердің реттеушісі ретінде Ұлттық банк қала береді. Пилоттық жоба аясында бастапқыда инвесторларға мың доллар көлемінде шектеу қойылады. Бұл оларды капиталды жоғалту тұрғысынан тәуекелдерден шектеуге бағытталған шара. Келер жылы бұл пилоттық жоба аясында емес, әдеттегі реттеуші жағдайлар аясында жалғасады деп үміттенеміз.
Мамандардың айтуынша, криптовалюталарды фиат сызықшаға айналдыру – яғни, елдің банктері арқылы қолма-қол ақшаға айырбастау заңсыз операциялардың, оның ішінде ақшаны жылыстатудың алдын алады. Сонымен қатар, криптобиржа қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Жобаға қатысу үшін бірнеше маңызды қадамдарды орындауы керек.
Ягуб Заманов, АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі финтех комитеті департаментінің директоры:
– Реттеу жұмысы былай жүргізіледі. Біріншіден, пилоттық жобаға қатысуды жоспарлап отырған криптобиржа, АХҚО лицензиясын, қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің лицензиясын алуы тиіс. Тиісінше, одан кейін АХҚО, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық Банктің, Қаржы мониторингі агенттігінің және Қаржылық бақылау агенттігі комитеттерінен тұратын жұмыс тобына жіберіледі. Егер криптобиржаның өтініші мақұлданса, онда ол өзі ынтымақтастыққа келіскен банкпен пилоттық жобаға қатысу құқығын алады. Осыдан кейін, криптобиржаларға нақты тұтынушылармен жұмыс істеуге болады, ол Республиканың резиденттері немесе резиденттері болмауы да мүмкін.
Астана халықаралық қаржы орталығының Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті, жоба криптоиндустрияны одан әрі дамытуға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлкен серпін береді дейді. Осылайша, біздің еліміз крипто бизнесті жүргізу және виртуалды валюталармен транзакция жасау бойынша қолайлы елдердің бірі бола алады.