Францияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр

Францияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр. Жиында Еуропалық Одақ аймағында тұратын қандастарымыз бен Түркия және Қазақстаннан делегациялар бас қосты. Бас-аяғы мыңға жуық адам жиналды. Олар үшін Түрік қазақтары қауымдастығы, Париждегі қазақстандық дипломаттар мен «Отандастар» қоры мазмұнды бағдарлама ұйымдастырды. Іс-шара аясында Еуропадағы диаспора өкілдерінің кездесуі, этнодизайнер Қазипа Қалиқызының дәрісі, әр елден жиналған өнерпаздардың концерттері, тіпті жастар үшін би кеші өткізілді. Париж құрылтайы бағдарламасында мәдени көрікті жерлерге айналған Абай Құнанбайұлы мен Мұстафа Шоқай ескерткіштеріне тағзым ету де қамтылған. 

Ертұғрұл Шолпан, Австриядағы қазақ диаспорасы қауымдастығының Төрағасы:

– Шетелде тұрамыз ғой. Шетелде тұрғандықтан өзіміздің мәдениет пен дәстүрімізді сақтауымыз керекпіз. Сол үшін енді жылына бір рет осындай құрылтайлар болса, өз туыстарымызды көреміз, өз қандастарымызды көреміз. Сол үшін бұл бізге өте маңызды.

Есімхан Назир, Франциядағы түрік қазақтары қауымдастығының президенті:

– Осы жерде біз қазақтың туын көтеріп Еуропаның ортасында Париждің төрінде қоғамымыз бар. Біз бұл қоғамымзды ашуымыздың себебі –  келе жатқан ұрпақтарымыздың ата салт-дәстүрін ұмытпасын, қазақшылығын ұмытпасын, тілін ұмытпасын деп сол қоғамда әр аптасына той-томалағымыз болады.

Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар» қорының президенті:

– Сол өздерінің тарихи отаны ата жұрты Қазақстанға деген сырттағы қандастарымыздың, отандастарымыздың бейжай қалмай Қазақстанмен байланысты арттыру, тұрып жатқан жерінде ықпалды диаспора ретінде көрсету – осындай көңіл күймен түсіндіруге болады. Біз шын мәнісінде өте ризамыз. Шетелде тұрып қандастырымыздың диаспораның осындай бір жағынан отандастар жұмыс істесін деп, бір жағынан өздері жұмыс істеп жатқанына.