Қазақстанда шырша сату маусымы басталды

Қазақстанда шырша сату маусымы басталды

Қазақстанда жаңа жылдың басты нышаны - шырша сату маусымы басталды. Мерекенің сәнін келтіру үшін жасанды немесе табиғи жасыл желекті таңдауға болады. Соңғылары тоғайларды санитарлық тазартудың нәтижесінде немесе арнайы тәлімбақтарда өсіріліп саудаға шығарылады. Мәселен бұндай шырша бақтарының бірі Ақмола облысында орналасқан. Алайда бұл көшеттердің тек шағын ғана бөлігі мереке қарсаңында өткізіледі. Ал, негізгі көлемі «Бурабай» ұлттық паркінің орман қорын толықтыруға жіберіледі.


Бейбіт Ерғалиев, «Бурабай» тәлімбағының басшысы:


- Біздің тәлімбақтың жалпы аумағы 32 гектарды құрайды. Ол бірнеше бөлімнен тұрады. Бір бөлігін жеміс ағаштары құраса, енді бір бөлігінде тек көшеттер ғана отырғызылады. Бұл жерде оларды баптап-күтеміз. Олар шамамен 7-8 жылда жайқалып шыға келеді. Сол кезде ғана жергілікті халықтың, қала тұрғындарының сұранысына қарай сатамыз. Көп бөлігі орман шаруашылықтарына тарайды. Онда шыршалар орман қорын жаңартады. Бұл өте қажырлы әрі күрделі іс. Өсіп жетілуіне кедергі жасайтын арам-шөптер, өсімдік аурулары және зиянкестермен күресеміз.


Елімізге шыршалар Қырғызстан және Ресей сынды көршілес мемлекеттерден де жеткізіледі. Қылқан жапырақты бизнестің қыр-сырын Темірлан Қоратай жақсы біледі.  Отандық кәсіпкер 12 жыл бойы сырттан шырша тасымалдайды.


Темірлан Қоратай, кәсіпкер:


- Шыршаға баса назар аударамыз. Ол жыл он екі түсін өзгертпей өңін сақтап тұрады. Оларға қажетті күтім жасаймыз. Тамырына балта шаппай арнайы ыдыспен сатамыз. Оған су құйғанда жайқалып шыға келеді. 


Дейтұра қазақстандықтардың дені табиғи емес жасанды үлгілерін таңдауға тырысады. Адамдар бұл қоршаған ортаны сақтаумен қатар өте тиімді екенін алға тартады.


- Шыршаларды сақтау керек. Сондықтан жасанды түрлерін сатып аламыз. Оларды бірнеше рет қолдануға болады.  


- Экологияны қорғау үшін жасанды шырша қойған дұрыс.  Былтыр сатып алдық. Әрі ол ұзақққа жеттеді.


- Маған табиғи шырша ұнайды. Жош иісінің өзі жаңа жылдың келгенін танытатындай.

Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?