Елбасы Н. Назарбаев пен Президент Қ. Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ұлық мереке жыл сайын 16 желтоқсанда атап өтіледі. 1991 жылы осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіздік және мемлекеттік егемендік туралы заң қабылдады.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:

 - Біз Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз. Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз. Бұл – ата-бабамыздың аманаты. Осыны ешқашан ұмытпауымыз керек. Бабадан мирас болған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету – бәріміздің асыл борышымыз.

Счастлив, что именно на долю моего поколения выпала эта честь – возродить государственность казахской нации. Благодарен судьбе за этот бесценный дар быть в это сложное время вместе с моим народом, моими друзьями и соратниками. Заложенные основы новой государственности стали фундаментом для строительства сильного, независимого и процветающего Казахстана. Я горжусь тем, что именно мне выпала великая честь возрождения и становления страны.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына құттықтау сөз сөйледі. Президенттің айтуынша, ұлтты топтастыру және әр азаматтың Тәуелсіздік құндылықтарына шексіз қызмет ету бүгінде бұрынғыдан да маңызды. Мемлекет басшысы көпжақты құрылымдар мен Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейтуге көмектесіп, халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайту бағытындағы сыртқы бағытымызды жалғастырамыз деп атап өтті.

Сонымен қатар, ұлттық мүдделерімізді берік қорғап, заманауи көпполярлы әлемде өзінің тиімділігін дәлелдеген теңдестірілген және сындарлы сыртқы саясатты дәйекті жүргізіп келеміз деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, президент біздің еліміз үшін алдағы жылы маңызды оқиғалардың бірі – қоғамның жоғары азаматтық белсенділігі мен саяси жетілуін көрсететін Мәжіліс пен мәслихат сайлауы болатындығын атады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Құрметті отандастар! Ардақты ағайын! Міне, егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр. Елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз етуіміз керек. Оны жүзеге асырудың басты жолы – тиімді басқару жүйесі. Мен Жолдауымда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне баса мән бергенімді білесіздер. Осыған орай, көптеген нақты шаралар атқарылуда.  Өзгерістерге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады.